Қазақстан полициясымен құрдас Мәлік Саим

Қоғам тыныштығы мен азаматтардың құқығын қорғауда қазақ полициясының орны бөлек, тұғыры биік. Биыл қазақ полициясының құрылғанына – 32 жыл.

Құқық қорғау органында қызмет ететін қаншама қызметкер күні бүгінге дейін халықтың ыстық ықыласына бөленіп, алғыс арқалап жүр. Солардың бірі Қазақстан полициясымен құрдас Мәлік Саим. Полиция майоры таңдап алған мамандығы жайында айтып берді.
Қазақ полициясымен тетелес Мәлік Саим 1990 жылы Қамысты ауданында дүниеге келді. 2008 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне заң мамандығына оқуға түсті.

«Менің бұл салаға келуім бала кездегі арманым десем болады, мектепті бітіргеннен кейін еш ойланбастан полицияда жұмыс істеуді таңдадым. Осылайша үлкен ықыласпен 2013 жылы тергеуші болып алғашқы еңбек жолымды бастадым. Басында алғаш жұмысқа тұрған кезде басты қиындығы жұмыс кестесі еді. Күн сайын кешке батқанға дейін жұмыста жүресің», – дейді полиция майоры Мәлім Саим.

Жұмыс барысында қылмыстық істерді тергеуге байланысты бірқатар лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Бүгінде Қамысты ауданының полиция бөлімінің анықтау тобының аға анықтаушысы. Ішкі істер саласында он жылдан астам қызмет етіп келеді.

-Қылмыстық істерді тергеу – үлкен жауапкершілікті талап ететін ауыр жұмыс. Адамның тағдыры соған байланысты, сондықтан да тергеу және анықтау органдарының өз ісіне адал қызметкерлері заң мен әділет сақшысы. Полиция қызметкері – ең алдымен, ақ пен қараны ажырата білуі керек, – дейді ол.
Тәртіп сақшысы қызмет барысында жинаған тәжірибе мен білім таңдап алған мамандығыңа адал болуға септігін тигізетінін айтты.
-Осындай жағдайда қызметкерлердің интеллектуалды деңгейі үнемі даму үстінде болатыны ешкімге құпия емес. Менің жұмысым қылмыстық істі тергеумен байланысты. Ішкі істер органдары жүйесінде он жылдан астам уақыт жұмыс істесем де, таңдауыма еш өкінген емеспін. Мамандықты қайта таңдауға тура келсе, мен дәл осылай жасар едім, – деді полиция майоры.

-Тергеушінің жұмысы күрделі және қызықты. Тергеушілер ауыр және орташа ауырлықтағы қылмыстарды, соның ішінде жол апатынан зардап шеккен жандарды немесе жол апатынан қайтыс болған мүрделерді анықтайды. Қызмет бабында Мәлік Саим өзін оң жағынан, бастамашыл және құзыретті қызметкер ретінде көрсетіп келеді, – дейді ол туралы әріптестері.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Ішкі істер органдарының үздігі» кеуде төсбелгісімен марапатталды. Осы кезге дейін мінсіз қызметі үшін департамент бастығының грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталған. Осы марапаттың барлығы оның қызметіне деген адалдығы мен уақытпен санаспай, тынбай еңбек еткені үшін берілген. Мәлік өзіне біраз ауыртпалық әкелетініне қарамастан, таңдаған мамандыққа адалдық танытып, қажырлы қызмет атқарып келеді.

Әріптестерінің арасында Мәлік Саимның дәрежесі жоғары. Әрдайым ақыл-кеңесін айтып жас қызметкерлерге қол ұшын беруге дайын. Ол ұқыптылық пен тәртіпті бағалайды және қасындағы әріптестерден соны талап етеді.

Бүгінгі күні Мәлік Саим екі баланың әкесі. Жұбайы Надия екеуі Адина мен Рамазан есімді балаларды тәрбиелеп отыр.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3