Арқалық қаласына қарасты ауылдарды су басты

Кешеден бері Арқалық қаласына қарасты Екідің (Сарыторғай), Қайыңды, Қызыл Жұлдыз, Жаңа қала (Қараторғай) ауылдарын су басып кетті.

Қазір ауылдарда жағдай өте қиын. Халық әлеуметтік желіде су тасқынын фото мен видеоға түсіріп, көмек сұрап жатыр. Ал бүгін ауылдарда интернет байланысы мүлде ажыратылған.

Екідіңде 22 үйді су алып кетті. Халық аман. Елді су тасқынынан қауіпсіз жерге көшіру үшін тікұшақ жіберілді. Қызылжұлдызға 3 техника кетті. Қайыңдыға да жіберілді. Мал шығыны жөнінде ақпарат жиналып жатыр, – деді Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Абзал Тәшімов.

Сондай-ақ, ол Арқалық қаласына қарасты Екідің, Әбдіғаппар хан (Қараторғай) ауылдарымен байланыстыратын көтерме жолдың суағар құбырлары еріген қар суын өткізіп үлгере алмағандықтан, 25 наурыздан бастап аталған ауылдармен қарым-қатынастың уақытша үзілгенін, соның кесірінен Екідің ауылындағы 23 үйге су кіріп, 10 үйдің зардап шеккенін айтты.

Екідің ауылында 258 тұрғын бар. Ауылдағы 49 үйдің 23 -не су кіріп, 10 үйге залалын тигізді. Қауіпті жағдайда қалған екі қыстаудың тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды. Екідің мен Жұман қыстауының арасы – 11, Сауғабай қыстауының арасы – 13, Шотаяқ қыстауының арасы – 15 шақырым.
Әкім орынбасарының мәліметінше, Әбдіғаппар хан ауылында 276 тұрғын бар. Екі үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды. Қайыңды ауылдық округі Қызылжұлдыз ауылының 185 тұрғынын қауіпсіз жерге шығаруға 3 автөкөлік жіберілді. Қайыңды ауылдық округіне қарасты 4 шаруа қожалығы орналасқан қыстауда 14 адам қауіпті жағдайда. Қайыңды мен Сәдман қыстауының арасы – 18 шақырым.

Аталған екі ауылда да аяғы ауыр әйелдер мен медициналық есепте тұратын науқастарды қауіпсіз жерге шығару, ауыл тұрғындарын азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамту шаралары жүргізілді, – деді Арқалық қаласы әкімінің орынбасары.

Түскен шағымдар бойынша Арқалық қалалық әкімдігі жанынан 4 мобильді топ құрылып, 8 мотопомпамен су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы қала бойынша жергілікті атқарушы органдардан 32 адам, 3 техника, 8 мотопомпа, №4 өрт сөндіру бөлімінен 15 адам, 1 техника, 5 мотопомпа, Арқалық қаласының жедел құтқару жасағынан 2 адам, 1 техника, 1 мотопомпа, Қостанай облысының төтенше жағдайлар департаменті жасағынан 50 адам, 3 техника және 1 тіркемелі мотопомпа қауіпсіздік жұмыстарына жұмылдырылды. Сонымен қатар, Арқалық қаласына Қарағанды қаласының әскери бөлімшесінен 50 адам 3 техника, Қостанай қалалық төтенше жағдайлар департаментінен 2 техника мен 5 адам жіберілді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1