Қамыстылық кәсіпкер құрама жем өндіруді қолға алды

 Қамысты ауылында Төремұрат Өтепов басқаратын «Қайрат» ӨКФ» ЖШС құрама жем цехын ашты. Жоба құны 700 млн теңге, оның ішінде 500 млн теңге серіктестіктің өз қаражаты, 200 млн теңгені несиеге алып отыр.

Белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылық маманы Төремұрат Өтепов мал азығын өңдеу ісін қолға алды. Жобаны ойдағыдай жүзеге асырған ол құрама жем цехын іске қосып, алғашқы өнімін шығара бастады. Нысанның ашылуы алдымен, ауданда мал шаруашылығының дамуына серпін берсе, келесі кезекте бәсекелестікке қабілетті жергілікті өнім нарық бағамын реттемек. Шағын цех сағатына 4 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Әзірге цехта 3 адам жұмыс жасайды. Қуаттылығы жылына 1500 тонна (4,8 т/сағ). Алдағы уақытта, құрама жемге сұраныс артса, жұмысшы қатары көбейіп, цехтың өндіріс қуаты еселенбек.

– Жем шығарумен айналысуды біраз жылдан бері жоспарлап, осы салада тұрақтап қалу үшін жергілікті нарықты зерттедім. Онда жем диірмені мен өнімді өлшеу, сапасын бақылауға арналған құрылғылары орналасқан. Мұнда шығарылған жем әзірге нарыққа бейімделе қоймады. Десе де, ашылғанына көп болмаған құрама жем өнімін алыс-жақын ауылдардан сұрап келушілер күннен-күнге көбейіп келеді, – дейді Төремұрат Өтепов.

Жемге қажетті шикізатты өзінің егін шаруашылығынан пайдалануда. Ең бастысы, мал азығы өзінде өндірілгендіктен, оның сапасы жоғары, бағасы қолайлы болатыны сөзсіз.
«Мәселен, жылқы малына арналған құрама жем құрамында 50%-ы сұлы болуы керек. Әр жануардікі әр түрлі. Оны құрамын агроном, технологтар реттейді. Арнайы нормалары бар. Қазір цехта 3 адам жұмыс істеп жатыр. Біреуі цех бастығы, 2 оператор. Бәрі автоматтандырылған. Тек қондырғыны басумен ғана жұмыс істейді. Процесті бақылайды. Құрылғы Ресей мен Түркияның бірлесіп шығарғаны. Үш үлкен аңғар, оның сыртында дайын шикізат сақтайтын тағы бір құрылғы бар», – дейді Төремұрат Көбекұлы.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31