Шилі ауылының тумасы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иеленді

Ибрагим Жалғас Нұрболатұлы Мәскеу қаласында өткен «Қоян – қолтық ұрыс» жекпе – жегінде 65 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болды

Сонымен қатар, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иеленді. Жалғас Нұрболатұлы 1997 жылы 18 қаңтарда Шилі ауылында дүниеге келген. Тек 2000 жылдың басында ата – анасы қызмет бабына байланысты Әулиекөл ауданына қоныс аударған. 2014 жылы 11 жылдық біліммен мектепті тәмамдап, 2015 жылы «Қоян – қолтық ұрыс» жекпе – жегімен айналыса бастаған. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін сүйікті спортымен айналысуды қайта қолға алған. Құлшынысы артып, ынта – жігері жасымаған жас жігіт 2020 жылы спорт шебері атанды. Қазіргі таңда Қостанай қаласында өзі ашқан «Барыс» клубының жаттықтырушысы.

– Мен бала күнімен спортқа жақын болдым. Футбол, волейбол ойындарында құрама командалардың сапында болдым. Шаңғы жарысына қатысып, облыс бойынша жеңімпаз болдым. Кейінгі жылдары «Қоян – қолтық ұрыс» жекпе – жегін үйрене бастадым. Облыстық сайыстарда бақ сынап, бірде жеңіп, бірде жеңіліп ақыры шыңдалдым. Қазан айында Мәскеуде әлемнің 17 елінің ең мықты спортшылары аталған спорт түрінен бақтарын сынайды деп естіп, менде қатысуды жөн санадым. Шаршы алаңда өзімнің үйренген әдіс – тәсілдерімді қолданып, қарсыластарға төтеп бердім. Әлем чемпионы атанамын деп әсте ойлаған жоқпын, – дейді Жалғас Нұрболатұлы.

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 0