Жангелдин ауданы тағы бір жас маманмен толықты
Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау
Балалардың алғашқы кірпіші қалай қаланса, оның ары қарай мықты болып бой көтеруі соған тікелей байланысты. Сол себептіде бастауыш сынып мұғалімдеріне артылар жүк ауыр. Менің бүгінгі мақаламның арқауы болып отырған Ақбота Арғынбекқызы осы саланың жас маманы.
Ақбота Жұмабек Н.Иванов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі. Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетін «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Биылғы жаңа оқу жылында алғашқы жұмысын жас маман болып, өзі бітірген мектебінде бастады. Ата-әжесінің тәрбиесін көріп өскен Ақбота, бастауыш сынып мұғалімі болуды кішкентайынан армандаған. Оның айтуынша, әжесі Жұмабике Сейтқазиева бастауыш сынып мұғалімі. Кішкентай кезінде оқушылардың дәптерлерін үйге әкеліп тексергенін, балаларды қызықтыру үшін үнемі жаңа бір нәрселерді ойластырып отыратынын көріп өскен. Бүгінде әжесінің осы салада жүргеніне 42 жыл уақыт болған.
– Кішкентайымнан армандаған арманым, Алланың қалауымен орындалды. Бүгінде балаларға әріп үйретіп, болашақта олардың тұлға болып қалыптасулары үшін көп еңбек ететін боламын. Балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Оларға әр түрлі әдістемелерді қолданып, сабақ беріп жүрмін. Мұғалім болу үлкен жауапкершілік екенін жақсы түсінемін. Ағартушы – ғалым А. Байтұрсыновтың : «Бала оқытуын жақсы білейін деген адам – әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білу керек» – деген сөзі мені алға талпынып, үнемі ізденісте жүруге жігерлендіріп отырады, – дейді жас маман.
Аягөз ФАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31