Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көзбен көріп, ішпен біл
Елімізде Қозы Көпеш – Баян Сұлу мерекесі аталып өтуде
Елімізде Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні деп аталатын мереке қалыптасқан болатын. Бұл мейрамның пайда болуының да өзіндік себебі күні кешегідей есімізде.
Мұндай мерекенің қалыптасуына елімізде бізге еш қатысы жоқ «День свято́го Валенти́на» деген үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мерекенің тойлануы еді. Есті аға, апаларымыз бастап, ақпанның 14-де жастар қып-қызыл жүрекшелерді сатып алып тойлай бастайтын мейрамның түкпкі тамырына үңілдік. Қазаққа тән ештеңе таппадық.
Содан айдаладағы Валентиннің күнінің бізге не қажеті деген ұйғарымға келдік. Сөйттікте бізде яғни қазақта пәк та шынайы махабаттың символы болатын ғашықтар жоқ па еді дедік.
Неге жоқ болсын, барлық қазақ сүйсінген Қыз Жібек пен Төгеннің, Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың махаббаты қандай еді. Олардың сезімінің шынайылығына, бір-біріне деген адалдығына бас имеген жан жоқ шығар. Махаббат болса осындай болсын дедік те, сәуірдің 15-ші жұлдызын «Ғашықтар күні» деп белгіледік.
Міне, бүгінде бұл мереке қоғамда ғашық жандардың бір-біріне сезімдерін білдіріп, отбасылы, балалы-шағалылардың бір уақыт бір-біріне сыйлық сыйлап, көңіл-күйлерін көтеретін, қуаныш сыйлайтын күн болып қалыптасып келеді.
Осы ретте Қостанай қаласының тұрғыны асыл жар, аяулы ана Гүлмира Садуақасованы сөзге тартқанымызда, ол:
– Менің жолдасым Мейрамбекпен отбасын құрғаныма биыл 9 жыл болады. Бүгінде Арайлым және Аяна есімді қыздарымыз өсіп келеді. Біз жанұямызбен 15-ші сәуір-Ғашықтар күнін атап өтеміз. Бір-бірімізге сыйлық жасап, қыздарымызды ертіп, шаһарымыздың әсем жерлерін аралап қыдырамыз. Бұл мерекенің маңызы зор. Күн жылып, жер ана бусанып, табиғат құлпыра бастайтын шақта келетін ғашықтар мерекесі көпшілікке ерекше әсер береді. Міне, бүгін де әдет бойынша отбасымызбен осы мерекені атап өттік, – деді.
Әрдайым ғашықтардың жұбы жазылмасын. Шынайы махаббат әрдайым керегесі кең, шаңырағы биік, босағасы берік отбасылардың төрінде болсын.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31