Рудный тұрғыны өндірістік метал қалдығынан мүсін жасап шығарды
Шеберге жұмыстан тыс уақытының бәрін шығармашылыққа жұмсауға тура келген
Рудныйдағы Сарыбай – Соколов кен орнының дәнекерлеушісі Сергей Еременко өндірісте пайдаланылатын кәдімгі метал сым қалдықтарынан бұқаның мүсінін жасап шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бесінші дәрежелі дәнекерлеуші салмағы 30 килограм тартатын өнер туындысын бір аптаның ішінде бастан аяқ жасап бітіпті. Шебер биыл сиыр жылы болған соң, әуелі жыл жануарын мүсіндемек болыпты. Алайда туынды испан корридасындағы долы бұқалардан аумай қалған.
– 2019 жылдың мамыр айында Павлодар машина жасау зауытында ERG кәсіпорындарының дәнекерлеушілеріне арналған шеберлік сыныптары өтті. Сол кезде дәнекерлеу құрылғысының көмегімен өнер туындыларын жасайтын белгілі метал шебері, мексикалық мүсінші Дэвид Мадеродан сабақ алдық. Ол кісі көрсеткен дүниелерден керемет әсер алдым. Содан ойға түйгендерімді көптен бері тәжірибеге асырып көргім келіп жүрген. Бірақ сәті түспеді. Таяуда цех басшылығы байқау жариялаған, көп ойланып жатпастан қатысуға өтініш бердім. Әріптестерім мен цех басшысы Александр Кардаков қолдау көрсетпегенде метал мүсінді жасап шығару қиынға соғатын еді, – деді Сергей.
Шеберге жұмыстан тыс уақытының бәрін шығармашылыққа жұмсауға тура келген. Бір жеті бойы түскі үзілісі мен ауысымнан кейінгі демалысын пайдаланып бел жазбай еңбектеніпті. Метал сымнан дәнекерленген жануардың мүсіні қазір кен орнының өндіріске пайдаланатын құрылғыларын жөндеу цехында тұр.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ
Сурет Egemen.kz. сайтынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31