Терроризм – Ислам дініне жат
Мұны әрбір азамат білгені жөн
Барша ғаламды жоқтан бар қылушы, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы Ислам, иман нығметтерін нәсіп қылушы және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын.
Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.
Қазіргі таңда көптеген мемлекеттерде көрініс тауып жатқан түрлі лаңкестік әрекеттердің Ислам дінімен еш байланысы жоқ! Олай дейтініміз, мұндай іс-әрекеттерге дініндемізде өте қатаң түрде тыйым салынған.
Өйткені Алла Тағала адам баласына өмір мен өлімнің не себепті берілгендігін өзінің Құран аяттарында былай деп баян етеді: «Ол өлім және өмірді сендердің қайсыларың амал етуде жақсырақ екенін сынау үшін жаратқан. Әрі Ол – әл-Азиз /аса Үстем/, әл-Ғафур /өте кешірімді/». (Мүлк сүресі, 2-аят). Бұл аяттан түсінгеніміздей Аса ұлы Алла пенделерін жаратып, оларды осы дүниеге әкелді және оларға бұл өмірден басқа өмірге көшетіндерін хабарлады. Оларға бұйрықтар мен тыйымдар бекітті. Оларды Өз бұйрығын орындауға кедергі жасайтын көңіл құмарлықтарымен сынады. Сонда кім Алла Тағаланың бұйрығына бойұсынып, амал істеуде жақсы болса, Алла оның марапатын екі дүниеде еселеп береді. Ал кім құмарлықтарына еріп, оны қанағаттандыру үшін жолдан тайса, Алла Тағаланың бұйырғанын орындамаса, оған ең жаман қарымта бұйырады.
Ал енді адам баласы Жаратушысы тарапынан жақсылық істеуі үшін берілген уақытша ғұмырын жер бетінде бұзақылық пен бүлік жасауға қолданса, онда ондай кісілер жайлы Алла Тағала былай деген: «Расында, Аллаға һәм пайғамбарына қарсы соғыс ашқан және (қарақшылықпен айналысып, лаңкестік әрекеттерге барып) жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасағандарға берілетін жаза – өлім жазасына бұйыру немесе (тірідей, яки өзгелерге сабақ болсын деп өлі күйінде) асу я болмаса қол-аяқтарын шалыс (яғни, оң қолы мен сол аяғын) шабу не жер түбіне айдау. Бұл – олардың дүниеде көретін қорлығы. Ал ақиретте олар үшін жан төзгісіз азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят). Ибн Касир (Алла оны рахымына бөлесін) бұл аятқа қатысты былай деген: «Алла Тағала жер бетінде бұзақылық істеуге және жер беті түзелгеннен кейін, оны ойрандау, қирату, бұзу және күйрету сияқты бұзақылық жасау арқылы зиян тигізуге тыйым салды. Себебі, әуелде дұрыс болған нәрсені күйрету – жер бетіндегі адамзат баласына орны толмас үлкен қасірет алып келетіндіктен Алла Тағала бұған түбегейлі тыйым салды».
Сондай-ақ бұған қатысты Алла Тағала тағы да Ағраф сүресінің 56-аятында былай деген: «(Алла пайғамбарларын жіберу арқылы) жер бетін түзеп, жөнге келтіргеннен кейін, онда бүлік шығарып, бұзғыншылық жасамаңдар. Одан қорқып әрі мейірімінен үміт ете отырып дұға етіңдер. Шүбәсіз, Алланың рақымы (игілікті істер атқаруға келгенде ішкен асын жерге қоятын) ізгі жандарға өте жақын». Имам әл-Қуртуби бұл аятқа қатысты былай деген: «Алла Тағала жерге Елшілер жіберіп, кітаптарды түсіріп, шариғат орнатып, түзеткеннен кейін кез келген бұзақылық жасауға тыйым салды, және бұл (үкім) барлық адамға қатысты».
Осы баяндалған нәрселерге негізделе отырып, жоғарыда аталған құбылыстар, материалдық немесе өзге де мүдделер үшін жасалынып жатқан іс-әрекеттер қоғам үшін үлкен қауып қатер тудыратындығы белгілі. Өйткені, лаңкестік іс-әрекеттермен айналысып жүрген адамдар, қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға, мұсылман үмметінің тұтастығын жоюға және Жаратушы Иеміздің көрсеткен жолынан тайдыру үшін, барынша әрекет жасауда.
Кімде-кім, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірген жағдайда: үйлерді, мешіттерді, мектептерді, ауруханаларды, көпірлерді, қару қоймаларын, сумен қамтамасыз ету көздерін және мұнай құбырларын немесе ұшақтарды жару яки басып алу және соған ұқсас іс-әрекеттер арқылы өзге адамдардың өміріне және жеке немесе қоғамдық мүлікке қарсы қастандық жасау жолымен лаңкестік іс-әрекетпен айналысып жүргендігі, немесе жер бетінде бұзақылық таратып жатқандығы анықталса, онда мұндай іске кінәлі адамдар қатаң түрде айыпталып, жазалануы тиіс.
Сонымен қатар, мүлде жазықсыз адамдардың өміріне зиян келтіру – Ислам дініне жат әрекет. Себебі Алла Тағала Мәйда сүресінің 32-аятында былай деген: «Кімде-кім, кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады. Оларға елшілеріміз (осындай үкімдермен һәм өздерінің пайғамбар екендіктерін көрсететін) айқын дәлелдермен мұғжизалармен келген еді. Алайда содан кейін де олардың басым көпшілігі жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасауда шектен шығуда».
Абдулла ибн Амр (Алла олардың екеуіне де разы болсын), Алланың Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген: «Мына төрт сипатқа ие болған адам, шынайы екіжүзді болып табылады, ал олардың қандай да біреуімен ерекшеленетін адам, одан құтылмайынша екіжүзділіктің бір сипатымен белгіленген болады. Оған өзін тапсырса – сатқындық жасайды, бір нәрсе туралы айтса – өтірік айтады, келісім-шарт жасасса, қиянат жасайды, біреумен жауласса, заңсыздықтар жасайды» (Имам Бухари).
Аллаға деген сенімі бар адам өмірдің қиыншылықтарын сынақ деп біледі. Сонымен қатар әрбір қиындықтан кейін жеңілдіктің келетініне сенеді, Құдайдан үмітін еш үзбейді де сабыр қылады.
Сөз соңында айтарым, құрметті мұсылман бауырлар! қоғамдық қауіпсіздікке сызат түсіру ісі көбінесе үмітсіздіктен, мақсатсыздықтан, келешекке сенімсіздіктен және жан тынышсыздығынан туындайды. Ал, жүрегі иманға толы жан қашан да мұндай дерттен аулақ болады. Қай уақытта да қиналған кісінің жанын түсінуге тырысып, құлазыған көңілдерге демеу болған жөн. Әсіресе, қазіргі таңдағы әртүрлі ағымдардың өршіп тұрған кезінде жақындарымыздың адасушыллыққа тап болуына жол бермей, төңірегіміздегі кісілерге қасиетті Ислам дінінің асыл құндылықтарын үйретуді міндет санап, әр қараңғы түнектен кейін жарық нұрдың және әр қиыншылықтан кейін бір жеңілдіктің келетіндігіне нық сену қажет. Алла Тағала аспанымызды ашық, еліміздің тұғырын биік, тәуелсіздігін баянды қылғай!
Бахытбек Тәжімбет,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкіл имамы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31