Қамыстыдағы мектеп асханаларында жаңа мәзір қант мөлшері аз компоттан бастап дәстүрлі жылқы етіне дейін
Қамысты ауданындағы білім беру ұйымдарында оқушылардың сапалы тамақтануын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді.
2024 жылғы 25 желтоқсандағы облыстық білім басқармасының №832 бұйрығына сәйкес, өңірдегі барлық мектептерде бірыңғай ас мәзірі бекітіліп, жаңа жылдан бастап оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тамақ бағасы белгіленді.
Жаңа мәзір Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшыларымен бірлесіп әзірленді. Енді мектеп асханаларында тәтті газды сусындардың орнына – хош иісті итмұрын шайы, бұрынғы майлы тұздықтардың орнына – бұршақ салаттары, жылқы және сиыр етінен жасалған тағамдар, жент сияқты дәстүрлі тәттілер ұсынылады. Бұл шара оқушылардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Әлихан Арстымбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Қамысты ауданындағы он екі мектеп, тоғыз шағын орталық және үш балабақша толықтай ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұл шаралар Үкіметтің №64 қаулысы аясында жүзеге асырылып отыр. Қаулыға сәйкес, белгілі бір санаттағы балалар тегін тамақпен қамтылған.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бұл қолдау – балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Бүгінде Қамысты ауданында: 15 тәрбиеленуші – шағын орталықтарда, 16 тәрбиеленуші – мектепке дейінгі даярлық топтарында, 84 тәрбиеленуші – балабақшаларда, 1-4 сынып оқушыларының барлығы (537 бала – 100%), 5-11 сыныптардағы халықтың әлеуметтік осал топтарынан 65 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған.
Көпбалалы ана Ақбидай Жеңісхан мектептегі ас мәзірінің жаңарғанына ризашылығын білдірді:
«Бұрын балалар мектеп тамағын жегісі келмейтін. Қазір мәзір толықты, тағамдар құнарлы. Менің балаларым тегін тамақтанады, асхананың берген тамағы дәмді әрі пайдалы. Бұл – ата-аналар үшін үлкен көмек», – дейді ол.
Үшінші тоқсан басталғалы бері Қамысты ауданындағы мектептерде бірыңғай ас мәзірі енгізілді. Бұл өзгеріс оқушылардың жас ерекшеліктері мен физиологиялық қажеттіліктерін ескере отырып жасалған. Әлихан Арстымбаевтың айтуынша, мәзірде әр аптаға бөлінген тағамдар тізімі жасалған. Мысалы, бір күні балаларға қызанақ пен қиярдан жасалған салат, сиыр етінен дайындалған «Ежики» тағамы, бұршақ пен көкөніс қосылған күріш, алма мен қара бидай наны ұсынылса, келесі күні макарон, итмұрын шайы беріледі.
Жаңа мәзір мектеп асханаларындағы тамақ сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, санитарлық талаптардың сақталуын қатаң бақылауға алуға да жол ашты. Оқушыларға ұсынылатын тағамдардың сапасын арнайы комиссиялар тұрақты түрде тексеріп отырады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31