Сарыкөлдегі салтанат. Ұлттық домбыра күні аясында “Күй шеруі” акциясы Сарыкөл ауданында жалғасын тапты

Қазақ халқының жан серігі, рухани азығы болып келген киелі домбыра күні биыл алтыншы жыл елімізде кеңінен тойланып келеді.

Орталық алаңда дүбірлеп өткен іс-шара барысында 100 домбырашыдан құрылған өнерпаздар 7 күйді орындап, өз өнерлерін паш етті. Бұл акцияға Ұзынкөл, Меңдіқара және Алтынсарин ауданы домбырашылары да өз үлестерін қосты.

Ұлттық нақыштағы мерекеміз қазақтың дәстүрі шашумен, батамен басталды. Мерекелік кеште облыстан, әр ауданнан келген белгілі күйшілер мен дәстүрлі әншілер өнерлерін ортаға салып, сарыкөлдіктерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерекеге жиналғандарды аудан әкімі Амантай Балғарин құттықтап, акцияға қатысып белсенділік танытқан, өз шеберлігін көрсеткен өнерпаздарға ризашылығын жеткізді.

– Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені белгілі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда да бұл күннің алар орны ерекше.
Ұлттық домбыра күні – Рухани жаңғырудың әдемі көрінісі. Баршаңызды тағы да осынау ұлттық мерекемен құттықтай отырып, бақытты да баянды өмір, зор денсаулық, жемісті еңбек, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш, құт-береке тілеймін! – деді Амантай Кәкімбекұлы.

Сонымен қатар, облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығының басшысы Дәмер Қалқаев іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан бір топ сарыкөлдік өнерпаздарды Алғыс хатпен марапаттап, еңбектерін еледі.

-Биыл Меңдіқара ауданынан бастау алған бұл іс-шара бүгін Сарыкөл ауданында жалғасуда. Апта соңында Қостанай қаласында Тобыл жағалауында аяқталады. Осынау келелі іс-шараның өтуіне ат салысқан аудан әкіміне, мәдениет басшылары мен қызметкерлеріне шын жүректен алғыс білдіремін – деді Дәмер Елтайұлы.

Сонымен қатар, Тәуелсіздік монументі жанында Домбыра күніне арналған дәстүрлі көрме ұйымдастырылды.

Жалпы, домбыра – қазақтың бағзыдан келе жатқан қасиетті аспабы – ұлтымыздың киесі, қасиеті һәм қазынасы. Бабадан қалған бағалы мұрамызды қастерлеп, келер ұрпаққа аманаттау – әр қазақтың парызы.

-Мен бұл іс-шараға бірінші рет қатысып тұрмын. Маған өте ұнады. Бұндай іс-шара мен сиқяты өсекелең ұрпақтың ата-бабадан кәсіп болған дәстүрлі домбыраға қызығушылық сезімін оятып, тарихтың куәгеріне айналған қасиетті қара домбыраны қастерлеуге тәрбиелейді. Дәстүріміздің ажырамас бөлігі – дәстүрлі музыка өнеріне баулиды, – дейді қатысушы Нұрислам Оразбай.

Руслан ӘЛКЕЕВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31